Қазақстанда 1-сыныпқа қабылдануға 250 мыңға жуық өтініш түсті
Оның ішінде балалардың 70% — ға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады.
1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 2023 жылдың 1 сәуірінде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.
«Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп.Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр»,
– деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.
Құжаттарды қабылдау қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.
Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп күтілуде.
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі