Шавкат Рахмонов мемлекеттен қаржыландыру алады

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ережесіз жекпе-жек шеберімен кездесті.
«Біздің жаужүрек спортшымыз бірінен соң бірі жеңіске жетіп, UFC-ді батыл қадамдарымен бағындырып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін сыйлап келеді. Мен Шавкатты жақында америкалық Джефф Нилмен болған жекпе-жекте жеңісімен тағы да құттықтадым және оған алғыс хат табыстадым. Сондай-ақ ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін Спортты қолдау қорынан қаржыландырылатын болады»,
— деді министр.
Еске салайық, 5 наурызда Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткен UFC 285 турнирінде Шавкат Рахмонов америкалық Джефф Нилді (15-5) буындыру тәсілімен жеңді. Қазақстандық үшін бұл өз мансабындағы 17-ші жеңіс болды, сондай-ақ ол бүкіл жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтаған. Жартылай орта салмақтағы рейтингіде Рахмонов 6-орынға көтерілді.
Дереккөз: Қазақпарат