Қазақстандықтар паспорт пен жеке куәлікті енді жылдам әрі өз бетінше ала алады

Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында хабарлады.
Кезек күтуге, содан кейін көші-қон қызметінің қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, төлем жасау үшін кассаға бөлек жүгіруге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ, әрбір адам құжат үшін сәтті түскен фотосуретін өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минут уақыттан аспайды. Десе де, қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгіну қажет болады. Ол өтініштің, фотосуреттің және қолтаңбаның сәйкестігін тексереді.
Әзірге мұндай терминал тек Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандар көшесінің 4/1 үйінде орналасқан ХҚКО-да орнатылған. Алдағы уақытта осы жобаны барлық өңірлерде іске асыру жоспарланып отыр.
Фото: Gov.kz.