Қазақстанда 2023 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өседі

🇰🇿 Новости Казахстана
15.12.2022
Просмотров: 325

Зейнетақы

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды, оның ішінде ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері — 53 076 теңге, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері — 24 341 теңге. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақы

1 қаңтардан бастап, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс деңгейі (КД) шамасының өзгеруіне байланысты 8,5%-ға артады. Осылайша I топтағы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 77 889 теңгені (1,92 КД), II топта — 62 068 теңгені (1,53 КД), III топта — 42 190 теңгені (1,04 КД) құрайды.

Баланың тууы бойынша төлемдер

Туу жәрдемақысы жұмыс істейтін әйелдерге де, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді. Бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына жәрдемақы мөлшері 1 қаңтардан бастап 131 100 теңгені құрайды. Төртінші және одан да көп балаға — 217 350 теңге төленеді. 2022 жылы баланың тууы бойынша жәрдемақы мөлшері сәйкесінше 120 840 теңге және 200 340 теңге болатын.

Бала күтімі бойынша жәрдемақы

Ата-аналарға арналған жәрдемақы мөлшері:

— бірінші балаға – 19 872 теңге (2022 жылы 18 317 теңге);

— екінші балаға – 23 495 теңге (2022 жылы 21 656 теңге);

— үшінші балаға – 27 083 теңге (2022 жылы 24 963 теңге);

— төртінші және одан да көп балаға – 30 705 теңге (2022 жылы 28 302 теңге).

Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімі бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылады.

Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмекке нақты облыс үшін жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар құқылы. Егер әрбір отбасы мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) мөлшері болады. Сондықтан әрбір нақты отбасы үшін АӘК тағайындалған сомасының мөлшері жиынтық табысқа және кедейлік шегінің мөлшеріне байланысты жеке анықталады. 2022 жылғы 1 қарашада АӘК орташа мөлшері 6 655 теңгені құрады. 2023 жылы орташа мөлшері 9 900 теңге көлемінде болжанады.

Жұмысынан айырылуына байланысты төлем

Қазір жұмысынан айырылуына байланысты төлем мөлшері бұрын болған кірістің 40%-ын құрайды. Төлемді жүйеге қатысу өтіліне байланысты бірден бастап алты ретке дейін (айына бір рет) алуға болады. 2023 жылдан бастап төлем мөлшері 45%-ға артады.

Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға артады:

— бір еңбекке жарамсыз отбасы мүшесі болған жағдайда – 34 888 теңге;

еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны екеу болған жағдайда – 60 445 теңге;

— еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны үшеу болған жағдайда – 75 049 теңге;

— еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны төртеу болған жағдайда – 79 512 теңге;

— еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің саны бесеу болған жағдайда – 82 352 теңге;

— отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған кезде әрбір адамға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 597 теңгенің тең үлесі ретінде есептеледі.

Дереккөз: Tengrinews

 

Так же вам может быть интересно