Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей рейс ашылуы мүмкін
Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстерді ұлғайту мақсатында Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бейне-конференц байланыс барысында ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев сингапурлық әріптесі Хан Кок Хуанмен сөйлесті. Сингапурлық авиакомпанияларға Қазақстандағы «ашық аспан» режимін, оның ішінде ауа бостандығының «бесінші дәрежесі» құқығын пайдалану ұсынылды. Сингапурлық тарап «ашық аспан» режимін құптап, бұл ұсыныс пысықталатынын хабарлады.
Тараптар 2023 жылғы шілдеде сингапурлық авиакомпаниялар мен «Сингапур-Чанги» әуежайының қатысуымен өтетін кездесу шеңберінде әуе қатынасын ашу мәселелерін талқылауды жалғастыратынына келісті. Ал қазақстандық тарап «Эйр Астана» әуекомпаниясының екі ел арасындағы ұшуларды орындауды бастау жөніндегі жоспарын атап өтті.
Сонымен қатар қазақстандықтарға Сингапурдың азаматтық авиация академиясында оқу мүмкіндігі ұсынылды.
Дереккөз: ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі