Биыл Қазақстанда қай мамандыққа ең көп грант бөлінді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық гранттың 60%-і техникалық мамандықтарға бөлінді. Атап айтқанда, гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді — 18 744.
Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінді. Оның 73 мыңға жуығы бакалавриатқа түсу үшін арналған. Магистратураға 13 мыңнан аса, докторантураға 1800-ден астам грант қарастырылған. «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант берілді.
«Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түсетіндерге 3 653 грант көзделген. Бұл жоба арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады.
Сондай-ақ оқуды тәмамдаған соң, грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Бұрын мамандар грантты өзі оқыған аймақта ғана жұмыспен өтесе, енді 11 аймақта қызмет ете алады.
Бакалавриат бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлудің толық тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады.
Дереккөз: Спутник