Бастапқы жарна және жалақы бойынша шектеу: Жеңілдетілген автонесиеге өзгерістер енгізіледі

Сондай-ақ, 4%-дық несиемен автокөлік алған қазақстандықтардың аты-жөні көпшілікке жарияланады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 10%-ға дейін бастапқы жарна төлеу қарастырылуда. Оған қоса, бюджеттік машиналарға көбірек ақша бөлу көзделіп отыр,
«Бізде бұған дейін 10 миллионға дейін несие алуға болатын. Ал көлік құны 15 млн теңге бола береді. Соны да төмендетеміз бе деп отырмыз. Яғни бюджеттік машиналарға көбірек ақша бөлеміз бе деп отырмыз»,
— деді министр. Бағдарламадан Hyundai Tucson, Kia Sportage маркалы автокөліктерді алып тастау туралы шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ, автокредит алғысы келетіндерге жалақы бойынша шектеу қойылады.
«Біз белгілі бір жалақыны белгілейміз деп ойлап отырмыз. Кім одан көп жалақы алатын болса, олар автонесиеге қатыса алмайды. Яғни мұқтаж адамдарға көбірек мүмкіндік жасаймыз»,
— деді Қарабаев. Министр бұл өзгерістер бір ай ішінде қабылдануы мүмкін екенін айтты.
«Осы уақытқа дейін револьверлік жүйе бойынша 4 млрд теңгедей қайтарылды. Ол ең көп дегенде 400 автокөлікке жетеді. Біздің ойымыз, жиналған қаражат 500-ден астам көлікке жеткенде, яғни 5 миллиард теңге ақша қайтарылғанда ғана жариялаймыз деп отырмыз»,
— деп түсіндірді Қарабаев.
Дереккөз: Спутник