Астаналық оқушылар Microsoft компаниясынан $550 мың грант ұтып алды

Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Арсен Қылышбек пен Владимир Борзенков жасанды интеллект негізінде стартап-жоба әзірлеген.
«Whoock — бұл клиент үшін мәтіндік хабарламаларға негізделген қызмет жүйесін дамыта алатын веб-сайт генераторы және редакторы. Ол заманауи дизайнмен толық веб-сайт жасай алады. Яғни, сайтты құрып, клиенттің сұранысына сай орындау жасанды интеллектпен байланыс арқылы жүзеге асырылады»,
– дейді оқушылар.
Жобаның мақсатты аудиториясы – компания туралы прототип немесе жедел сайт жасауды қажет ететін енді басталған бизнес және стартаптар. Қазір Whoock алғашқы қызметтік нұсқасын жүзеге асыруда. Бета нұсқа іске қосылған соң оқушылар сервистік мүмкіндікті одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Whoock- пен толыққанды веб-қосымшалар әзірлейтін мүмкіндік болады.
Оқушылардың айтуынша, платформа орта есеппен бір жарым минут ішінде толыққанды сайт жасайды. Келесі аптада оны іске қосу жоспарланып отыр.
Жас стартаперлер Microsoft for Startups Founder Hub – тан өткендеріне қуанышты, Арсен мен Владимир ұтып алған қаражаттарын өз жобаларын дамытуға жұмсамақшы.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі