Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямова «Ника» сыйлығын жеңіп алды
Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямова тағы бір марапатқа ие болды. «Айка» фильміндегі сомдаған рөлі үшін қазақстандық актриса «Ника» сыйлығын жеңіп алды.
Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі» номинациясында жеңімпаз атанды.
Ол қуанышты хабармен желі қолданушыларымен бөлісті.
«Мәскеуге бара алмадым. Мен үшін жүлдені фильмнің екінші режиссері, актер Вячеслав Агашкин алды. Онсыз фильм сәл басқаша болар еді. Ол локацияларды, әртістерді тапқан адам. «Айка» фильміндегі әріптестеріме тағы да алғыс айтқым келеді»,
— деді Самал Еслямова.
Еске салайық, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі 2018 жылы экранға шықты. Фильм сол жылы 71-ші Канн халықаралық кинофестиваліне қатысып, Самал Еслямова «Үздік әйел рөлі» номинациясында жүлдеге ие болды.
«Айка» социалды драмасында Қырғызстаннан Мәскеуге келген мигрант қыз туралы баяндалады. Ол жаңа туған сәбиін перзентханада қалдырып кетуге мәжбүр болады.