Онымен тек Халк теңесе алады: Қазақстандық палуан әлем жұлдыздарының таңдайын қақтырды
35 жастағы күш көрсеткіші бойынша төрт дүркін әлемдік рекорд иесі, Гиннес рекордшысы және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников өзінің ерекше күш-қабілетін көрсеткен видеосын түсірген еді. Оны танымал спортшы Терренс Оуэнc Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Видеода Қажымұқан мен Балуан Шолақ ізбасары атанып кеткен Сергей Цырульников шынжырды кеудесіне орап, оны бұлшықет көмегімен үзеді, темір тағаны, металл ыдыстарды майыстырады.
«Сергей Цырульников – Супер Адам! Ол феноменалды күшке ие. Онымен тек Халк қана күш сынаса алатын шығар. Сергей келесі «Кек алушылар» фильмінде рөлге ие болуы әбден мүмкін. Бірақ бір нәрсе күмән тудырмайды: Сергейге ешкім қарсы шығып, проблемаға тап болғысы келмейді! Және де видеода көрсетілген заттарды өздігінен жасауға тырыспаңыз. Оны Сергейге қалдырыңыз. Оған теңдес ешкім жоқ», —
деп жазды Оуэнс видеоның сипаттамасында. Екі күн ішінде видеоны 2,5 миллион қолданушы қарап, 5 мыңға жуық пікір қалдырған. Олардың ішінде әлем жұлдыздары да бар. Мысалы, әйгілі боксшы Флойд Мейвезер:
«Спортпен айналыса алмаған кезде осылай болады»,
— деп әзілдеген. Еске салайық, биыл көктемде Сергей Қажымұқанның 150 жылдығына орай әлемдік рекорд орнатқан еді.