Қазақстандық актриса Әсел Сәдуақасова «Азиялық Оскарға» ұсынылды
Қазақстандық актриса «Ұлболсын» фильміндегі рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясына ие болды. Қуанышты жаңалықпен Әсел Инстаграмдағы Стористе бөлісті.
«Бұл менің алғашқы халықаралық номинациям. Халықаралық былай тұрсын, жалпы алғаш рет үздік актриса номинациясына ұсынылғант кезім. Ең қызығы, мен актриса екенімді ұмытып қала жаздадым. Себебі киноға түспегелі біраз уақыт болды»,
– деп айтты Сәдуақасова.
15 Азиялық кинопремияның (Asian Film Awards) жеңімпаздары 8 қазанда белгілі болады. Бұл беделді байқауды «Азиялық Оскар» деп атайды.
Айта кетейік, режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлболсын» фильмінде Ұлболсын есімді қалалық қыз ауылда тұратын сіңлісі Ажарды оқытуды армандап, қаржы жинайды. Алайда оны алып кетуге ауылға барғанда 16 жастағы жасөспірімді әлдекімнің ұрлап кеткенін, және өзіне тоқал етіп алғысы келетінін біледі. Қайсар қыз сіңлісін құтқаруға бел буады. Фильмде, сондай-ақ, Берік Айтжанов пен Санжар Мәдиев ойнайды.